"Қазақ тілін қайта үйреніп жүрмін": Зарина Диас теннистен кейінгі өмірі туралы айтты
Қазақстандық теннисші Зарина Диас үлкен спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін немен айналысатынын айтып берді.
Дияс: “Теннис мен үшін 6 жасымнан басталды”
Зарина Диас кәсіби спорттағы ұзақ жолы бала кезінен басталғанын атап өтті. Ол көп жыл бойы күнделікті жаттығу, жарыс, ұшу және жеңістің эмоциясымен өмір сүрген.
“Үлкен теннис мен үшін 6 жасымнан басталды. Қазір мен 32 жастамын және жақында ғана мансабымды аяқтадым. Менің өмірім 8 сағаттық жаттығудан, үздіксіз ұшудан, жеңістен кейінгі адреналиннен тұрды. Мұның бәрін қатты жақсы көрдім. Ал енді онсыз қалай өмір сүремін? Бұған әлі үйренуім керек. Кенеттен жаңа армандарға, тіпті оларды жүзеге асыруды жоспарлауға уақыт пайда болды”, — деді Зарина Диас.
“Қазақ тілін қайта үйреніп жүрмін”
Теннисші спорттан кейінгі кезеңде өзіне көбірек көңіл бөліп, бұрын уақыт таппаған дүниелерге мән бере бастағанын жеткізді. Соның бірі — қазақ тілін қайта үйрену.
“Мен қазақ тілін қайта үйреніп жүрмін! Кейде жай ғана жатып демаламын. Бұл мен үшін үйреншікті емес өмір қарқыны — релакс. Заринаны үлкен спорттан алып шығуға болады, бірақ үлкен спортты Заринаның ішінен алып шығу мүмкін емес. Теннис және жалпы спорт бәрібір менің үлкен бір бөлігім болып қала береді”, — деді ол.
Зарина спорттағы тәжірибесін бөліскісі келеді
Диастың айтуынша, кәсіби мансабы аяқталса да спорттан алыстамайды. Керісінше жинаған тәжірибесін, тәртібін және спортқа деген сүйіспеншілігін өзгелерге бөлісуді мақсат етеді.
“Мен білетін дүниеммен бөліскім келеді: тәжірибеммен, энергияммен, тәртіппен, қозғалысқа деген махаббатыммен және спорттың адамды қаншалықты өзгерте алатынын түсінумен. Иә, кәсіби жүктеме өте ауыр. Сондықтан әр спортшы денсаулықтың — физикалық та, менталдық та — ең маңызды нәрсе екенін жақсы түсінеді. Healthy lifestyle қызықсыз емес екенін көрсеткім келеді! Осы жылдар ішінде маған бірде-бір рет қызықсыз болған емес”, — деп бөлісті спортшы.
Қазақстанда салауатты өмір салтын дамытуға үлес қоспақ
Зарина Диас алдағы уақытта қайырымдылықпен айналысуды жалғастырып, жас теннисшілермен, әуесқой спортшылармен және спортқа жақын болғысы келетін адамдармен жұмыс істегісі келетінін айтты.
“Мен қайырымдылықпен айналысуды жалғастырамын, жасөспірімдермен, әуесқойлармен және спортқа жақын болғысы келетін барлық адаммен уақыт өткіземін. Жалпы Қазақстанда салауатты өмір салтына деген қызығушылықты арттырғым келеді, оны құнды, қолжетімді әрі сүйікті бағытқа айналдырғым келеді. Қазір өз мақсатымды осыдан көріп тұрмын”, — деді Зарина Диас.
Зарина Диастың жетістіктері
Зарина Диастың мансабындағы ең жоғары көрсеткіші — WTA рейтингіндегі 31-орын. Ол 2014 және 2015 жылдары Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жеткен.
Қазақстандық теннисші мансабында 2017 жылы Токиода өткен WTA турнирінде чемпион атанды. Сонымен қатар ITF сериясындағы 10 турнирде жеңіске жетті.
Диас жалпы “Үлкен дулыға” сериясындағы 28 турнирге қатысты. Оның ішінде Australian Open турнирінде 9 рет, “Ролан Гарроста” 7 рет, ал Уимблдон мен US Open жарыстарында 6 реттен өнер көрсетті.
Зарина Диас кәсіби мансабын аяқтағанын осы жылдың сәуір айының басында жариялаған еді.