Әлемдегі ең бай Олимпиада чемпиондарының бірі шыны көйлекпен жұртты таңғалдырды
Қытайлық фристайл жұлдызы, Олимпиада чемпионы Эйлин Гу Нью-Йоркте өткен Met Gala кешінде ерекше образы арқылы көпшіліктің назарын аударды.
Эйлин Гудың көйлегі неден жасалған?
Үш дүркін Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше киіммен түскен видеоны бөлісті. Көйлектің авторы — танымал дизайнер Ирис ван Херпен.
Дизайнердің айтуынша, бұл образды жасау үшін шамамен 15 мың шыны шарик қолданылған. Киім тек сәндік туынды ғана емес, сонымен қатар технологиялық шешімдермен де ерекшеленеді.
Ирис ван Херпеннің сөзінше, көйлек адам денесінің атомдық құрылымынан шабыт алып жасалған. Киімге жасырылған микропроцессорлар арнайы цифрлық интерфейс арқылы басқарылып, шариктердің қозғалысын үйлестіреді. Әрбір шыны элемент қолмен бекітіліп, нәтижесінде ауада қалқып тұрған көпіршіктер әсерін беретін ерекше композиция пайда болған.
Жанкүйерлер ерекше образға тәнті болды
Эйлин Гудың Met Gala кешіндегі образы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көпшілік спортшының сән әлеміндегі батыл таңдауын жоғары бағалады.
Пікір қалдырған жанкүйерлердің бірі бұл көйлекті бұрын-соңды көрген ең әдемі туынды деп бағаласа, енді бірі оны өнердің жаңа деңгейі деп атады. Тағы бір қолданушы Эйлин Гуды мұндай ерекше образға лайық мінсіз муза деп сипаттаған.
Met Gala кешіне тағы қандай спортшылар қатысты?
Биылғы Met Gala шарасына Эйлин Гудан бөлек, өзге де танымал спортшылар келді. Нью-Йорктегі салтанатты кеште мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Алиса Лью мен тау шаңғысынан Олимпиада чемпионы Линдси Вонн да көзге түсті.
Дегенмен, көпшіліктің басты назарын дәл Эйлин Гудың шыны шариктермен көмкерілген көйлегі аударды.
Эйлин Гу кім?
Эйлин Гу — фристайлдан әлемдік деңгейдегі жұлдыз. Ол АҚШ-та дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін сонда өткізген. Алайда кейін анасы мен әжесінің тарихи отаны — Қытай құрамасы атынан өнер көрсету туралы шешім қабылдады.
2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Эйлин Гу хафпайп пен биг-эйр бағдарламаларында чемпион атанып, әлемдік спорттың басты жұлдыздарының біріне айналды. Кейін Италиядағы Олимпиадада да хафпайптан алтын медаль жеңіп алғаны айтылды.
Forbes мәліметіне сүйенсек, Эйлин Гу өткен жылы шамамен 23 миллион доллар табыс тапқан. Бұл көрсеткіш оны қысқы спорт түрлері өкілдері арасындағы ең жоғары табыс табатын спортшылардың қатарына қосады.
Айта кетерлігі, оның кірісінің негізгі бөлігі спорттық жүлделерден емес, ірі брендтермен жасалған жарнамалық келісімшарттардан түседі.