Қуат Хамитов Атырауға аяқ басқан күні-ақ айыппұл арқалады (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Атыраудағы Batyr Fighting Championship турнирі қарсаңында ММА файтері Қуат Хамитовтың келуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. 

Қуат Хамитов Атырауға аяқ басқан күні-ақ айыппұл арқалады (ВИДЕО)
instagram/@kuat

Видео полиция назарына ілікті

Атырауда Қуат Хамитовты қарсы алу сәті түсірілген видео Instagram желісінде тарады. Кадрларда көлік қозғалысы кезінде қыз баланың автомобиль салонынан шығып, спортшыны қарсы алып тұрғаны байқалады.

Сонымен қатар видеода Қуат Хамитовтың көлік тізгінінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны да көрінеді. Осыдан кейін жазба полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады.

Toyota Camry жолаушылары жауапкершілікке тартылды

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері тіркелген.

Тексеру нәтижесінде Toyota Camry көлігінің 24 және 22 жастағы жолаушылары қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны, сондай-ақ көлік салонынан сыртқа шыққаны анықталды.

Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, аталған әрекеттерге жол берген 20 жастағы жүргізушіге де хаттама толтырылды.

Mustang жүргізушісіне де хаттама жасалды

Полиция мәліметінше, Mustang автокөлігін басқарған 38 жастағы жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Себебі ол көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған.

"38 жастағы Mustang жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Хамитов ирандық файтермен кездеседі

Айта кетейік, 23 мамырда Атырауда Batyr Fighting Championship турнирі өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде "Найман" лақап атымен танымал Қуат Хамитов ирандық Али Хейбатимен кездеседі.