Еркебұлан Тоқтар ашуға булыққан клиенттердің шағымына жауап берді
ММА файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желіде өзінің есімін пайдаланып, тауар жарнамалайтындарға қатысты пікір білдірді.
Тоқтардың есімі тауар сатуға пайдаланылған
Еркебұлан Тоқтардың сөзінше, белгісіз бір адам интернет арқылы "ұшатын көбелекке" тапсырыс берген. Бұл құрылғы сырттай дронға ұқсайды. Кейін тапсырыс кешіккендіктен сатып алушы өнім сатушысына емес, Еркебұланның өзіне шағымданған.
Бұған себеп — сатушының парақшасында Тоқтардың видеосы тұрған. Бірақ спортшы ол видеода аталған "көбелекті" емес, өзі сатып алған сағатты жарнамалағанын айтты.
"Бір адам біреуден көбелек сатып алыпты. Ұшатын көбелек, дронға ұқсайды. Тапсырысы кешікті ме, әлде басқа жағдай болды ма, әйтеуір мені белгілепті. Сол көбелекті сатқан жігіттің парақшасының төменгі жағында менің видеом тұр екен. Бірақ ол видеода мен өзім сатып алған сағатты жарнамалағанмын. Ал әлгі адам мені скриндеп алып: “Еркебұланға сеніп сатып алдық, ал сен болсаң...” деп жазыпты", — деді Тоқтар.
"Мен саған көбелек саттым ба?"
ММА файтері сатып алушының айыптауына жауап бергенін жеткізді. Оның айтуынша, ешкімді бұл тауарды сатып алуға шақырмаған және тапсырыс үшін жауапты емес.
"Мен оған: “Мені түсін, мен сені осы көбелекті ал деп жарнама жасадым ба?” деп жаздым. Ол: “Сіз олардың парақшасында тұрсыз, біз сізге сендік” дейді. Тоқташы, мен саған көбелек саттым ба? Ақшаңды алып, енді жеткізбей отырмын ба? Мені бұл іске неге араластырасың?" — деп ашуланды Еркебұлан.
Кейін сатып алушы кешірім сұрап, жазбаны өшірген.
Бұл жағдай көпшілікке сабақ
Тоқтар бастапқыда осы хат алмасуды сториске жариялауды ойлағанын айтты. Алайда оның артында театр ұжымы, командасы және отбасы тұрғанын ескеріп, мұндай қадамнан бас тартқан.
"Осы жазбаны сториске шығарып, басқаларға сабақ болсын деп ойладым. Бірақ артымда театрым тұр. “Атын жасырайын ба?” деп ойландым. Жоқ, болмайды, өйткені бұл театрға зиян келтіруі мүмкін. Ал сен маған осылай жазғанда, менің артымда командам, ата-анам тұрғанын, оларға зиян келуі мүмкін екенін ойладың ба?" — деді ол.
Тоқтардың танымалдығы коммерциялық мақсатта қолданылады
Еркебұлан Тоқтар — қазақстандық ММА-дағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол спорттағы жетістігімен қатар актерлік қызметі және әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы да кең аудитория жинаған.
Оның Instagram желісінде екі миллионнан астам оқырманы бар. Осы танымалдық кейде жарнама нарығында да жиі пайдаланылады. Тоқтар OCTAGON лигасындағы ең жоғары гонорар алатын файтерлердің қатарында аталады. Бір жекпе-жек үшін оның табысы 30 мың доллардан басталатыны айтылады.
Сонымен қатар Еркебұлан қатысқан турнирлер көп қаралым жинайды. Оның жекпе-жектері тұрақты түрде миллиондаған көрерменнің назарын аударып, кейбір көрсеткіштер 1 миллионнан 3,7 миллион қаралымға дейін жетеді.
