Жарақат алған "Ақтөбе" жанкүйері Нанидің сыйлығын сатылымға шығарды

Бокс шолушысы

Ақтөбеде футбол матчы кезінде жарақат алған жанкүйерге қатысты оқиға қайтадан қызу талқыланып жатыр.

Жарақат алған "Ақтөбе" жанкүйері Нанидің сыйлығын сатылымға шығарды
NUR.kz

Нанидің қолтаңбасы бар жейде сатылымға қойылды

“Ақтөбе” клубының жанкүйері Аянай Елтоқоваға қатысты жағдай жаңа бағыт алды. Бұған дейін матч кезінде басына доп тиген әйел кейін клуб ұсынған сыйлықтарды сатылымға шығарған.

Әлеуметтік желі қолданушылары әсіресе португалиялық жұлдыз Луиш Нанидің қолтаңбасы қойылған жейденің хабарландыру сайтында пайда болуын қызу талқылап жатыр.

Оқиға мамыр айының ортасында өткен “Ақтөбе” – “Алтай” матчында болған. Ойын барысында доп трибунада отырған көпбалалы Аянай Елтоқованың бетіне тиген. Жарақат алған әйел кейін ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты диагнозын қойған.

Осы жағдайдан кейін Аянай Елтоқова клуб өкілдері мен стадион басшылығы денсаулығына қатысты хабарласып, жағдайын сұрамағанын көпшілік алдында айтқан. Бұл мәлімдеме жанкүйерлер арасында үлкен резонанс тудырды.

Клуб қандай сыйлық берген?

Қоғамдық пікірден кейін тараптар кездескен. “Ақтөбе” клубы Аянай Елтоқова мен оның жұбайымен арнайы кездесу ұйымдастырып, команданың жұлдызды жаңа ойыншысы Луиш Нанимен жүздестірген.

Кездесу барысында жанкүйерге Нанидің қолтаңбасы бар футболка және екі маусымдық абонемент табысталған. Бірақ араға біраз уақыт салып, дәл осы жейде хабарландыру сайтында сатылымға шықты. Бағасы 400 мың теңге деп көрсетілген.

Футболканың сатылымға қойылуы желіде жаңа дау тудырды. Кейбір қолданушылар әйелдің әрекетін сынға алып, клуб сыйлығын сату дұрыс емес екенін жазды. Ал енді бір бөлігі жағдайдың толық мән-жайын білмей баға беруге болмайтынын айтып, жарақат алған адамның өз шешімін өзі қабылдауға құқығы бар екенін алға тартты.

“Ақтөбе” клубы не деді?

“Ақтөбе” бұл жағдайға кең көлемде түсініктеме беруден бас тартқан. Клуб өкілдері тек бір жайтты нақтылаған: Луиш Нани бұл футболканы өзі киіп ойнамаған. Яғни сатылымға шығарылған жейде португалиялық футболшының матчта киген формасы емес, қолтаңба қойылған арнайы сыйлық болған.

Аянай Елтоқованың айтуынша, ол бұл тақырыпқа қайта оралғысы келмеген. Бірақ әлеуметтік желідегі жаңа талқылаудан кейін өз ұстанымын түсіндіруге мәжбүр болған.

“Келіссөз қорытындысы бойынша клуб шығынды өтей алмайтынын айтты. Сондықтан өздері ұсына алатын нұсқаны — футболка мен абонементті беруді ұсынды. Бұл шешімді клубтың өзі айтты”, — деді ол.