"Асығыс қорытынды жасамайық": Рахмоновтың жұбайы Шавкатпен түскен суретін жариялады
Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желідегі парақшасында күйеуімен бірге түскен архивтік суретті жариялап, көпшіліктен асығыс шешім шығармауды сұрады.
Архивтік фотоны не үшін салғанын түсіндірді
Гүлайым Рахмонова Instagram желісінде 2020 жылы түсірілген отбасылық суретті бөлісті. Оның айтуынша, бұл фото қыздарының өтінішімен жарияланған.
Қазір Рахмоновтар отбасының жеке өміріне қатысты әңгімелер қоғам назарында тұр. Бұған дейін Шавкат Рахмонов пен жұбайының ажырасу процесі туралы ақпарат тараған еді. Бірақ Гүлайым Рахмонова бұл жағдайға қатысты нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін аңғартты.
“Ертең не боларын ешкім білмейді”
Суреттің астына Гүлайым Рахмонова көпшілікке ой салатын жазба қалдырды. Ол адам баласы тек болжай алатынын, ал бәрі Жаратушының қалауымен болатынын атап өтті.
“Ертең және дәл қазір не боларын ешкім білмейді. Біз болжаймыз, Алла шешеді. Бұл – 2020 жылғы архивтік фото. Қыздарымның өтінішімен жариялап отырмын. Өтініш, абыржымаңыздар, асығыс қорытынды жасамайық”, — деп жазды ол.
Шавкат Рахмонов – UFC жартылай орта салмағындағы ең танымал қазақстандық файтерлердің бірі. “Номад” лақап атымен танылған спортшының мансабымен қатар, жеке өміріне қатысты ақпараттар да жанкүйерлер арасында жиі талқыланып келеді.