Асаубаева мен Синдаровтың махаббат хикаясы қалай басталды

Спорт шолушысы

Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаева өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен таныстығы мен қарым-қатынасының қалай басталғаны туралы қызықты естелігін айтты.

Асаубаева мен Синдаровтың махаббат хикаясы қалай басталды
Instagram/@bibisarachess

Синдаровты алғаш қашан байқаған? 

Бибісараның сөзінше, екеуі бала кезінен халықаралық жарыстарға қатысқанымен жас санаттарының әртүрлі болуына байланысты бір-бірімен жиі кездесе бермеген.

"Қызық бір жайт бар. Жавохирды балалар арасындағы турнирлерде көп көрмейтінмін. Себебі ол менен бір жас кіші. Мысалы мен тоғыз жасымда 10 жасқа дейінгі санатта ойнасам, ол 8 жасқа дейінгілер арасында бақ сынайтын. Сондықтан олардың жарысына аса назар аудара бермейтінмін. Әрине, анда-санда көрген кездерім болды", — деді Асаубаева.

Қазақстандық шахматшы Жавохир Синдаровты алғаш рет анық есінде сақтап қалған сәтін де атады.

"Оның партиясы есімде"

Бибісараның айтуынша, ол Синдаровты 2018 жылы өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында ерекше байқаған.

"Сол кезде біз қатар ойнадық. Жавохир өте мықты партияда жеңіске жетті. Неге екенін білмеймін, бірақ сол ойын есімде қалып қойды", — деп еске алды шахматшы.

Алайда Синдаровтың өзі Бибісараны бұдан да ертерек көрген болып шыққан.

"Жавохир мен Ислам мені алғаш рет 2015 жылы Бразилиядағы әлем чемпионатында көргендерін айтты. Бірақ шынымды айтсам, оларды есіме түсіре алмадым. Себебі мен сол кезде 11 жасқа дейінгі санатта, ал олар шамамен 9 жасқа дейінгі топта ойнаған болуы керек. Олардың айтуынша, сол турнирде ұлдар арасында өнер көрсеткен жалғыз қыз мен болыппын. Сондықтан оларға бұл ерекше қызық көрінген", — деді Бибісара Асаубаева Telegram-арнасында.

Екі гроссмейстер арасындағы байланыс уақыт өте келе романтикалық қарым-қатынасқа ұласты. Кейін жұп өздерінің бірге екенін көпшілікке жариялады.

Содан бері Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров түрлі шаралар мен сапарларда бірге көрініп жүр. Шахмат әлеміндегі танымал жұптың қарым-қатынасы жанкүйерлер арасында да үлкен қызығушылық тудырған.