Бибісара Асаубаева Ташкентте MMA аңызымен кездесті
Блицтен бірнеше дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Ташкентте аралас жекпе-жек әлемінің аңызы Федор Емельяненкомен кездесті.
Асаубаева мен Емельяненконы не байланыстырады?
Бибісара Асаубаева Өзбекстан астанасында өтіп жатқан самбодан мерейтойлық 50-ші әлем чемпионатына құрметті қонақ ретінде қатысты.
Халықаралық жарыс барысында қазақстандық шахматшы ММА мен жауынгерлік самбодан әлемге танылған Федор Емельяненкомен танысты.
Кездесуден кейін Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында әйгілі файтермен түскен фотосын жариялап, екеуінің де шахматқа қызығатынын айтты.
"Бүгін өте әсерлі әрі оқиғаға толы күн болды. Көзі тірісінде аңызға айналған Федор Емельяненкомен таныстым. Өте жағымды адам екен. Оның үстіне шахмат ойнағанды жақсы көреді екен. Келесі жолы бірге ойнаудың сәті түседі деп үміттенемін. Қайтар алдындағы күнім керемет өтті", – деп жазды Асаубаева Telegram арнасында.
Бибісара Асаубаева Ташкентке не үшін барды?
Федор Емельяненко Өзбекстан астанасына Халықаралық самбо федерациясының (FIAS) ресми елшісі ретінде келген.
Ал Бибісара Асаубаева Ташкентке АҚШ-тан ұшып барған. Бұған дейін ол Сент-Луис қаласында өткен шахмат турнирінде өзінің сүйіктісі, өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровқа қолдау көрсеткен болатын.