Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 10-орын) әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты — Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде ел намысын қорғады. Брисбенде өткен кездесуде ол Австралия құрамасына қарсы ойын көрсетті.
Рыбакинаның қарсыласы әлемдік рейтингте 61-орында тұрған Кимберли Биррелл болды. Матч басында қазақстандық теннисші 1:3 есебімен ұтылып жатқанымен қарқынын үдете түсіп, бірінші сетте 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жанкүйерлер үшін бұл керемет эмоциялар сыйлаған сәттердің бастамасы ғана еді.
Екінші партияда Елена 1:5 есебімен артта қалып, ойында жеңіліп қалу қаупі туындады. Бірақ дәл осы сәтте ол керемет мінез көрсетіп, есепті теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (7:4) нәтижесімен матчты өз пайдасына аяқтады.
Рыбакинаның жеңісі арқасында Қазақстан құрамасы Австралиядан басым түсу мүмкіндігін арттырды. Бұған дейін Юлия Путинцева Майя Джойнтты 6:2, 6:1 есебімен ойсырата жеңген.
Бүгін Жібек Қуламбаева мен Анна Данилина жұптық кездесуде Сторм Хантер мен Эллен Переске қарсы ойнайды.
Айта кетейік, бұл іріктеу тобында Колумбия құрамасы да бақ сынайды. Үш команда Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне берілетін жалғыз жолдама үшін күреседі.