
Әлемнің 24 дүркін «Үлкен дулыға» чемпионы Новак Джокович туған елінен қол үзіп, отбасымен бірге Грекияға көшті. Белградтағы билік оны студенттік наразылықтарды қолдағаны үшін «опасыз» деп айыптаса, серб жұлдызы енді Афинада жаңа өмір бастап, тіпті жеке турнирін де сонда көшіруге бел буды.
Сербияда Джокович әрдайым халықтың сүйікті ұлы, ұлттық мақтанышы саналып келді. Париждегі Олимпиада-2024-тегі алтыннан кейін елдің шаттығын көзіне жас алып бөліскен сәті көпшіліктің есінде. Алайда уақыт бәрін өзгертті.
Президент Александр Вучич бастаған билік Джоковичтің студенттердің жаңа сайлау талап еткен бейбіт шерулерін қолдауын сатқындық ретінде қабылдады. Осыдан кейін серб спортшысы отбасымен бірге Афинаға қоныс аударды.
Новак отбасымен Афинаның оңтүстігіндегі беделді Глифада ауданынан резиденция тапқан. Ұлы Стефан мен қызы Тара ағылшын тілінде оқытатын мектепке қабылданып үлгерді.
Тіпті Джокович жақында Стефанмен бірге Kavouri Tennis Club-та жаттығу үстінде көзге түсті. Бұл оның Афинадағы жаңа өмірге толыққанды қадам жасап жатқанын көрсетеді.
Джоковичтің бизнес-жобалары да Грекияға ауысып жатыр. Оның жеке меншігіндегі Белград турнирі енді Афинада өтпек. Әзірге бұл — жыл соңына дейін Новак күнтізбесіндегі жалғыз жарыс.
Дегенмен, мамандар Туриндегі ATP Finals турниріне қатысу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Қазіргі таңда ол рейтинг бойынша алғашқы үштікте, демек жолдамаға толықтай лайық.