
Энди Роддиктің айтуынша, Дэвис кубогының жаңа форматы мүлдем жарамайды. Турнир өз айрықша атмосферасын жоғалтып, жанкүйерлер үшін қызықсыз брендке айналып барады.
Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, америкалық теннисші Энди Роддик Дэвис кубогының жаңа форматына қатысты ойын айтып, наразылығын білдірді. Оның сөзінше, турнир бұрынғы айрықша атмосферасынан айырылып барады.
2003 жылғы US Open чемпионы қазіргі жүйені мүлде қолдамайтынын айтты:
«Мен қазіргі форматты жек көремін. АҚШ құрамасы өткен демалыста өз елінде ойнады, бірақ трибунада бар-жоғы үш мыңға жуық жанкүйер болды. Бұны қалай сатуға болады? Бұл финал алдындағы матч сияқты көрінеді. Бірақ финалда сегіз команда ойнайды. Яғни, біз шын мәнінде ширек финал өткізіп жатырмыз. Бұл – барып тұрған масқара», – деді Роддик Tennis 365-ке берген сұхбатында.
Ол тіпті өзінің спорттық мансабынан да мысал келтірді:
«2004 жылы біз Испанияға қарсы ойнадық. Қарсыластар құрамында Рафаэль Надаль мен Карлос Мойя болды. Матч футбол стадионында өтіп, 29 мың көрермен жиналды. Атмосфера керемет еді. Бұл нағыз Дэвис кубогы болатын. Ал қазір финалды Италияда, Болоньяда өткізеді. Бастапқыда Испанияда болады деген, кейін өзгертті. Мұның соңын аңғарудың өзі мүмкін емес».
Еске сала кетейік, АҚШ құрамасы биылғы Дэвис кубогының жартылай финалында Чехиядан 2:3 есебімен ұтылды. Осылайша, чехтар финалдық кезеңге жолдама алды.
Финалдық бәсеке 2025 жылдың 18–23 қарашасы аралығында Италияның Болонья қаласында өтеді. Бұл кезеңге әлемнің үздік сегіз құрама командасы қатысады.