Елена Рыбакина Australian Open турнирінде Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады

Сарапшы, спорт журналисі

Отандасымыз ақтық бәсекеде әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездесті. Матч үш сетке жалғасты.

Елена Рыбакина Australian Open турнирінде Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлады
Елена Рыбакина. Фото: WTA

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингісінде 5-орын) Australian Open–2026 турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь өкілі Арина Соболенконы сенсациялық түрде жеңіп, чемпион атанды.

Финалдық кездесуде Рыбакина үш сетке созылған тартысты матчта қарсыласын 6:4, 4:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Айта кетерлігі, шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші 0:3 есебімен ұтылып жатқан болатын. Соған қарамастан ойын тағдырын өз пайдасына шешіп, камбэк жасай алды. Матч алдындағы негізгі фаворит әлемнің бірінші ракеткасы Соболенко саналған еді.

Жеңіс жолы қандай болды?

Australian Open–2026 турнирі барысында Елена Рыбакина бірқатар мықты қарсыластарын жарыс жолынан шығарды. Ол бастапқы кезеңдерде Кайя Юванды (WTA №100) — 6:4, 6:3, Варвара Грачеваны (№77) — 7:5, 6:2, Тереза Валентованы (№54) — 6:2, 6:3 жеңді. Одан кейін Элизе Мертенсті (№21) — 6:1, 6:3, әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекті — 7:5, 6:1, ал жартылай финалда Джессика Пегуланы (№6) — 6:3, 7:6 есебімен ұтты.

Еске сала кетейік, бұл — Елена Рыбакинаның "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі екінші титулы. Бұған дейін қазақстандық теннисші 2022 жылы Уимблдонда чемпион атанған болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 1
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір