Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Дэвис кубогындағы Қазақстан — Монако матчтық кездесуін ірі жеңіспен бастады.
Бублик кездесудің алғашқы ойынында Хьюго Ниске қарсы кортқа шықты. Қазақстандық теннисші екі сетте басымдық танытып, қарсыласын тас-талқан етті — 6:0, 6:3. Ойын 1 сағат 2 минутқа созылды.
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына матчтағы алғашқы ұпайды әкелді.
Қазақстан — Монако текетіресінде келесі болып кортқа Александр Шевченко мен Валентин Вашеро шығады. Осы матчтың қорытындысы командалардың жалпы есебіне тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, қазақстандық теннисшілер Монако құрамасына қарсы әлемдік теннистің элитасында қалу үшін ойнап жатыр. Бұл тартыс бірінші әлемдік топ аясындағы матч ретінде өткізіліп, жеңімпаз команда үшін маусымдағы маңызды қадамдардың бірі саналады.