Елена Рыбакина бойкот жариялауға қарсы емес
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі жүлде қоры мәселесіне байланысты бойкотты қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Теннисшілер неге наразы?
Қазір әлемнің үздік теннисшілері, соның ішінде Арина Соболенко, Новак Джокович және Янник Синнер алдағы “Ролан Гаррос” турниріндегі жүлде қорына көңілдері толмайтынын ашық айтты. Олардың айтуынша, ойыншылар турнирдің жалпы табысының шамамен 14%-ын ғана алады, бұл әділетсіз деп бағалануда.
Римдегі WTA турнирі алдында өткен баспасөз мәслихатында Рыбакина бұл мәселе туралы пікір білдірді.
“Бұл күрделі сұрақ. Бұған дейін де ойыншылар бірігіп бойкот жариялауы мүмкін еді, бірақ олай болмады. Егер көпшілік бойкотты қолдаса, мен де қосыламын”, - деді теннисші.
Жүлде қоры өссе де, сын тоқтамады
Турнирді ұйымдастырушылар сәуірде жүлде қорын 61,7 млн еуроға дейін (+9,5%) арттырғанын хабарлады. Жеңімпаздар 2,8 млн еуро, финалисттер 1,4 млн еуро алады. Бірақ топ-теннисшілер бұл сыйақыны жеткіліксіз деп есептейді. Әлемнің бірінші ракеткасы Соболенконың пікірінше, бойкот ойыншылардың өз құқықтарын қорғаудағы соңғы қадамы болуы мүмкін.
“Бізсіз бұл турнир де, шоу да болмас еді. Сондықтан көбірек табысқа лайықпыз. Біз бір күні бойкот жариялаймыз. Менің ойымша, бұл біздің құқықтарымыз үшін күресудің жалғыз жолы болады"
"Ролан Гаррос" турнирі 24 мамыр мен 7 маусым аралығында Парижде өтеді.