Елена Рыбакина украиналық теннисшіден жеңіліп қалды

Спорт шолушысы

Элина Свитолина камбэк жасап, матч тағдырын өз пайдасына шешті. 

Елена Рыбакина украиналық теннисшіден жеңіліп қалды
matchtv.ru

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Римде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің ширек финалынан ары аса алмады. 
Қазақстандық теннисші 1/4 финалда әлемнің 10-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездесіп, үш сетке созылған тартысты матчта жеңіліс тапты — 6:2, 4:6, 4:6.

Кездесудің алғашқы партиясында Рыбакина сенімді ойын көрсетіп, басымдыққа ие болған еді. Алайда кейінгі екі сетте Свитолина камбэк жасап, матч тағдырын өз пайдасына шешті.

Бұған дейінгі кездесулер

Айта кетейік, бұған дейін Рыбакина турнир барысында грек теннисшісі Мария Саккари, филиппиндік Александра Эала және чехиялық Каролина Плишкова спортшыларын жеңген болатын. 

Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко күтпеген жерден 1/8 финалда жарыстан шығып қалғаннан кейін, Рыбакина турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған еді.

Қанша табыс тапты?

Ширек финалға дейін жеткені үшін қазақстандық теннисші 150 мың еуро көлемінде сыйақы және WTA рейтингінің 215 ұпайын еншіледі.

Биыл Римдегі WTA 1000 турнирінің жалпы жүлде қоры 7 228 080 еуроны құрайды. Ал турнир чемпионы 1 055 285 еуро мен 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.