Анна Данилинаның "Ролан Гарростағы" финалы екі сетте аяқталды
Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина Франция ашық чемпионатының финалында өнер көрсетті.
Фавориттерге есе жіберді
Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге шешуші матчта кортқа шықты. Қазақстандық-сербиялық жұпқа қарсы чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсенд ойнады. Париждегі әйгілі Филипп Шатрие кортында өткен финал екі сетке созылды. Синякова мен Таунсенд жұбы 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 32 минутқа жалғасты.
Осылайша Анна Данилина “Үлкен дулыға” турнирлерінде төртінші финалда чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады.
Бұған дейін қазақстандық теннисші екі рет Australian Open финалында ойнаған. 2022 және 2026 жылдары Австралия ашық чемпионатының шешуші кезеңіне дейін жетті. Сонымен қатар Данилина 2025 жылы “Ролан Гаррос” финалында бақ сынады.
“Ролан Гаррос” жеңімпаздары қанша сыйақы алады?
Биыл Франция ашық чемпионатының жұптық санатындағы чемпиондарына қомақты сыйақы қарастырылған. Турнир жеңімпаздарының әрқайсысы 600 мың еуро көлемінде табыс табады.
Сонымен қатар чемпион атанған теннисшілердің әрқайсысы рейтингке 2000 ұпайдан қосады.