Футбол
Бөлімдер
Қазақстан Құрама

Рыбакина жоқ, бірақ сенім бар: Қазақстан Испаниямен маңызды матчқа шығады

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі алғашқы маңызды матчына дайындалып жатыр.

Рыбакина жоқ, бірақ сенім бар: Қазақстан Испаниямен маңызды матчқа шығады
instagram.com/billiejeankingcup/

Испанияға қарсы ширек финал

Ұлттық құраманың капитаны Юрий Щукин алдағы кездесудің қиын болатынын атап өтті.

"Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан атынан өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Испаниямен болатын матчты асыға күтіп отырмыз. Бізде мықты команда бар және жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

Сонымен қатар Испанияның өте мықты қарсылас екенін жақсы түсінеміз. Олардың сапында жоғары деңгейдегі теннисшілер бар. Сондықтан матчқа барынша дайын болып, ең үздік ойынымызды көрсетуіміз керек", – деді Щукин баспасөз мәслихатында.

Юлия Путинцеваның мәлімдемесі

Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Юлия Путинцева да алдағы матчқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай кездесулерде тәжірибе мен мінез маңызды рөл атқарады.

"Алдағы кездесуде менің тәжірибемнің көмегі тиеді деп ойлаймын. Қазақстан атынан ойнағанда әр матчта соңына дейін күресуге тырысамын. Осы мінезді командаластарыма да жеткізгім келеді.

Бізде шынымен мықты команда бар. Көп нәрсе өзімізге байланысты. Ең бастысы – сенімділікті жоғалтпай, жоспарымызды ұстанып, әр ұпай үшін күресу", – деді Путинцева.

Билли Джин Кинг кубогына Қазақстан атынан төрт теннисші қатысады:

Юлия Путинцева;
Жібек Құламбаева;
Соня Жиенбаева;
Анна Данилина.

Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты турнирге қатыспау туралы шешім қабылдаған.

Испания да негізгі жұлдызсыз келді

Испания құрамасында да ең танымал теннисшілердің бірі Паула Бадоса жоқ. Соған қарамастан испаниялық команда сапындағы Кристина Букша мен Кейтлин Каведо әлемдік рейтингте Юлия Путинцевадан жоғары орналасқан.

Бұл Қазақстан үшін матчтың оңай болмайтынын көрсетеді.

Қазақстан мен Испания Билли Джин Кинг кубогында бұған дейін де кездескен. Испаниялық теннисшілер 2022 жылы 3:0 есебімен жеңіске жеткен.

Биылғы турнир Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатыр. Финалдық кездесу 27 қыркүйекке жоспарланған.

Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогын жеңіп көрген емес.

Бұл туралы не ойлайсыз?