Юлия Путинцева Қазақстанға маңызды ұпай әкелді
Қазақстандық теннисші Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испания құрамасының өкілі Кристина Букшаны жеңіп, ұлттық командаға аса маңызды ұпай сыйлады.
Рейтингте жоғары тұрған қарсыласын жеңді
WTA рейтингінде 78-орында тұрған Юлия Путинцева әлемдік рейтингтің 35-сатысындағы Кристина Букшамен кездесті. Үш сетке созылған тартысты матчта қазақстандық теннисші 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды.
Путинцеваның жеңісінен кейін Қазақстан мен Испания арасындағы ширек финалдық бәсекедегі жалпы есеп 1:1 болды. Бұған дейін алғашқы жекелей кездесуде Соня Жиенбаева испаниялық Джессика Бузас Манейроға екі сетте – 2:6, 2:6 есебімен жол берген еді.
Осылайша жартылай финал жолдамасының тағдыры шешуші жұптық кездесуде анықталады.
Барлығы жұптық матчта шешіледі
Қазақстан құрамасы атынан жұптық сайысқа Анна Данилина мен Жібек Құламбаева шығады. Испания сапында оларға Кристина Букша мен Сара Соррибес-Тормо қарсы шығады деп жоспарланған.
Бұл матчтың жеңімпазы Билли Джин Кинг кубогының жартылай финалына жолдама алады.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ұлттық құраманың бұл матчына қатыспайды. Ол жарақаттан кейінгі қалпына келуіне байланысты команда тізіміне енгізілген жоқ.