Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Бублик Шанхайда жеңіске жетіп, 28,1 млн теңге жүлдеақыға ие болды

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Шанхайдағы ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.

Бублик Шанхайда жеңіске жетіп, 28,1 млн теңге жүлдеақыға ие болды
atptour.com

Махачты екі сетте жеңді

Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Бублик турнирде 19-нөмірмен тіркеліп, алғашқы айналымнан босатылған еді. Қазақстандық теннисшінің екінші кезеңдегі қарсыласы дүниежүзілік рейтингтің 75-сатысындағы Томаш Махач болды.

Бір сағат 25 минутқа созылған кездесу 6:4, 7:6 есебімен Бубликтің пайдасына аяқталды. Қазақстандық теннисші алғашқы сетті жеңіспен аяқтап, екіншісінде тай-брейкте басым түсті.

Бублик қанша жүлдеақы алады?

Үшінші айналымға шыққан Бублик 61 865 доллар, яғни шамамен 28,1 млн теңге жүлдеақы мен 50 рейтингтік ұпайды өзіне кепілдендірді.

Егер қазақстандық теннисші келесі кезеңге өтсе, турнирде алатын жүлдеақысы 105 720 долларға, шамамен 48 млн теңгеге жетеді. Ал рейтингтік ұпайы 100-ге дейін артады.

Бублик үшінші айналымда америкалық Брендон Накашимамен кездеседі. АҚШ өкілі әлемдік рейтингте 18-орында тұр. Бұл матчтың жеңімпазы Шанхай турнирінің төртінші айналымына жолдама алады.

Қытайдағы ATP 1000 санатындағы жарыс хард төсемінде өтіп жатыр. Ерлер турнирінің жалпы жүлде қоры – 9 415 725 доллар.

Бұл туралы не ойлайсыз?