
Бұған қоса, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайтын болды.
АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін беделді WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды. Бұл додада Қазақстанның екі өкілі бақ сынайды.
Әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол бірінші кездесуін Мария Боузкова (Чехия, әлемнің 50-ракеткасы) мен Сюзан Ламенс (Нидерланды, 64-ракетка) арасындағы матчтың жеңімпазымен өткізеді. Айта кетейік, Рыбакина бұл турнирді 2023 жылы жеңіп алған болатын.
Әлемдік рейтингте 20-орында тұрған Юлия Путинцева да жарысты екінші айналымнан бастамақ. Оның алғашқы қарсыласы ретінде Катержина Синякова (Чехия, WTA 59-орын) немесе іріктеуден өткен ойыншылардың бірі шығуы мүмкін.
Индиан-Уэллс хард төсенішінде өтетін турнир 5 наурыздан 16 наурызға дейін жалғасады. Жеңімпазға 1000 рейтингтік ұпай мен 1 миллион доллардан астам ақшалай сыйлық табысталады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 9 миллион долларды құрайды.
Әйелдер арасындағы қазіргі чемпион — польшалық Ига Швёнтек. Бұл жолы да ол басты фавориттердің бірі ретінде қарастырылуда.