
Әлемнің төрт бірдей беделді нұсқасы бойынша (IBO, WBF, WIBF, WBC) чемпион атанған қазақстандық боксшы Ангелина Лукас жанкүйерлерін қуантатын жаңалығын бөлісті.
Ол алдағы титул қорғау жекпе-жегін Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Таразда өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында жазды.
"Достар, баршаңызға қайырлы түн! Керемет жаңалығым бар! Чемпиондық белбеуімді Қазақстанда қорғағым келеді. Бұл мен үшін ғана емес, менің туған қалам — Тараз үшін де тарихи сәт болмақ. Бәрін жасап, осы жекпе-жекті туған жерімде өткізуді армандаймын. Өзімнің жанкүйерлерімді, жерлестерімді трибунада, көзбе-көз көру — мен үшін үлкен бақыт. Бұл менің арманым. Бұл — біздің ортақ тарихымыз!"
Ангелина Лукас — қазір қазақ әйел боксының жаңа символына айналған спортшы. Ол кәсіпқой рингте 15 жекпе-жек өткізіп, 14-інде жеңіске жеткен. Оның ішінде 7 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған, тек бір рет жеңіліс тапқан.
Спорттағы шеберлігімен қатар, ұлттық рухты дәріптеп жүрген Лукас әрқашан отандық жанкүйерлердің ықыласына бөленіп келеді. Оның Таразда жекпе-жек өткізу туралы бастамасы қазақстандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болмақ.