
Семейлік балуан Ерасыл Қажыбаев өзіне уәде етілген пәтерге әлі күнге дейін қол жеткізбегенін айтты.
Ұлттық спорт түрі — қазақ күресі бойынша өткен басты турнирде топ жарған Ерасыл Қажыбаевқа былтыр Абай облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ұранхаев салтанатты түрде пәтер кілтінің сертификатын табыстаған. Бірақ жарты жыл өтсе де, уәде етілген баспана берілген жоқ. Бұл туралы спортшы "Спорт+" арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Сертификат табысталды. Бірақ пәтердің кілті әлі қолыма тимеді. Сол уақыттан бері шамамен жарты жыл өтті. Осы аралықта облыс әкімі де ауысты. Нұрлан Ұранхаевтың орнына Берік Уәли келді. Мүмкін жаңа әкімнің менің жағдайыма қолы тие қоймаған шығар", — деді Ерасыл Қажыбаев.
Ең өкініштісі спортшының айтуынша, қазір ешкім мәселені шешуге асығар емес. Басшылық ауысқанымен бұрынғы уәде ұмыт болған сыңайлы.
Айта кетейік, Ерасыл Қажыбаев былтыр қазан айының соңында өткен "Қазақстан Барысы" турнирінде шеберлігін паш етіп, елдің басты балуаны атанған. Жеңісінен кейін белгілі кәсіпкер, ел жанашыры Дулат Тастекей оған бағалы жол талғамайтын көлік тарту еткен.