
Ирландиялық UFC файтері Иэн Мачадо Гэрри өзінің жатын бөлмесіне Шавкат Рахмоновпен болған жекпе-жектен ерекше сәтті іліп қойған. Бұл — оның алғашқы жеңілісі. Бірақ спортшы бұл сәттен мотивация тауып отыр.
Иэн Гэрри (15–1) UFC 310 турнирінде алғаш рет мансабында жеңіліп, бұл жекпе-жек өміріне үлкен әсер еткенін жасырмайды. Ол өзінің Instagram парақшасында мынадай мәлімдеме жасады:
“Мен бесінші раундта Шавкаттың арт жағында тұрған сәтімнің фотосын рамкаға салып, төсегімнің жанына қойдым. Күн сайын ояна салысымен, дәл сол сәтке қараймын. Бұл сурет менің жанымды өртейді. Бірақ дәл сол сурет мені алға итермелейді, мотивация береді”, — деді Гэрри.
2024 жылғы 7 желтоқсанда өткен UFC 310 турнирінде Иан Гэрри қазақстандық Шавкат Рахмоновтан төрешілер шешімімен жеңілген болатын. Жекпе-жектің бесінші раундында Гэрри Рахмоновты тұншықтыруға тырысқанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталды.
Иэн Гэрри келесі кездесуін 2025 жылғы 26 сәуірде өткізеді. Қарсыласы — бразилиялық Карлос Пратес (21–6). Айта кетейік, Пратес қазіргі уақытта 13 жекпе-жек қатарынан жеңіске жетіп келеді. Сондықтан бұл кездесу де оңай болмайтыны анық.