
WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі қарсыласын атады. Оның мақсаты — үшінші чемпиондық белбеуді тағу.
Қазақстандық былғары қолғап шебері өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында үшінші титулға қол жеткізгісі келетінін ашық жазды:
"Қазір мені ешқандай басқа жекпе-жек қызықтырмайды. Маған тек үшінші белбеуді алып келетін кездесу керек!" — деп мәлімдеді Әлімханұлы.
Оның көздеген белбеуі — WBC чемпиондығы. Қазір бұл титул доминиканлық боксшы Карлос Адамеске тиесілі. Жәнібек осы боксшыны ашық түрде жекпе-жекке шақырды.
"Карлос Адамес! Мен өз менеджеріме тек сенімен жұдырықтасқым келетінімді айттым. Енді кезек сенде. Өз командаңмен ақылдасып, бұл кездесуді ұйымдастырайық. Сылтау да, кешігу де болмасын. Жанкүйерлерге қалағандарын сыйлайық!" — деп жазды Жәнібек.
Әзірге Адамес тарапынан ешқандай жауап берілген жоқ.
Карлос Адамес ақпан айының соңында британдық Хамза Ширазбен кездесіп, чемпиондық белбеуін қорғаған болатын. Кездесу тең нәтижемен аяқталды. Доминикандық спортшының кәсіби мансабында 24 жеңіс бар, оның 18-і — нокаутпен.
Ал Жәнібек Әлімханұлы сәуір айының басында француз-конголез Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы қарсыласын бесінші раундта нокаутқа түсірді.
Қазір Әлімханұлының кәсіби рингтегі көрсеткіші — 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен.