
Әйелдер күресінен Азия чемпионы, үш дүркін құрлықтық жарыс жүлдегері Мәдина Бақбергенова ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралды.
Мәдина Бақбергенова — әйелдер күресінен Қазақстан атынан бірнеше мәрте Азия чемпионатында жүлдеге ие болған спортшы. Оның ең жарқын жеңістерінің бірі — 2022 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатындағы алтын медаль. Сол финалда Бақбергенова 2:1 есебімен жеңіліп жатқанымен, соңғы секундтарда айлалы әдіс жасап, 3:2 есебімен қарсыласын тізе бүктіріп кетті.
“Мақсатыма жеттім. Өзімді жақсы формада сезіндім. Моңғолияда екі апта дайындалып, әр қарсыласты жеке зерттедік. Жаттықтырушы әр белдесу үшін бөлек тактика жасап берді, мен соны бұлжытпай орындадым. Бұл — тек бастамасы. Алда маңызды жарыстар бар, дайындықты күшейтемін”, — деді Мәдина өткен жетістігі туралы.
2022 жылғы жеңістен кейін Мәдина үзіліс алып, ана атанды. Бірақ араға үш жыл салып, ол қайта жаттығу залына оралды. Бұл туралы оның егіз әпкесі Жәмила Бақбергенова айтты:
“Мәдина қайта жаттығуға кірісті. Үлкен үзілістен кейін қайта жаттығу оңай емес”, — деді Жәмила.
Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова да әйелдер күресінен Азияның бірнеше дүркін жүлдегері. Ол да 2022 жылы Азия чемпионатында топ жарған. Осылайша Бақбергеновалар — Қазақстандағы әйелдер күресінің символына айналған егіз спортшылар.