
Сәкен Бибосынов 54 келі салмақ дәрежесінде Хабаровскіде жеңіске жетіп, жас қарсыласы туралы пікір білдірді.
Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде Сәкен Бибосынов жеңіс тұғырынан көрінген еді.
"Бұл жарысқа алғаш 2017 жылы қатысқан едім. Ол кезде 52 келі салмақ дәрежесінде чемпион атандым. Араға біраз уақыт салып, бұл жолы да жеңіс бұйырды," — деді Бибосынов.
Спортшының айтуынша, турнир алдында Ресейдің Кисловодск қаласында оқу-жаттығу жиыны өткен. Сол кезде Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовпен және оның інісімен спаррингке шыққанын атап өтті.
"Турнир барысында Хасанбой өз інісі Фариёзбекке жол беріп, екеуміз рингте кездескен жоқпыз. Бірақ інісімен жекпе-жек өткіздім. Ол да тәжірибелі, техникасы жақсы жас боксшы екен. Алдағы уақытта Өзбекстан ұлттық құрамасының сенім артатын спортшысы болары анық. Бапкерлердің стратегиясын орындап, бұл бәсекеде оны ұттым," — дейді Сәкен.
Ол сондай-ақ денсаулығына қатысты пікір білдіріп, жарақатынан толық айықпағанын, сондықтан жаттығуларды сақтықпен жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен жақын арада бұрынғы бабына келуді көздеп отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов соңғы уақытта біраз сәтсіздікке тап болған еді. Осы турнирдегі жеңісі оның спорттық жолындағы жаңа серпінге айналғандай.