
Атақты файтер француз футболшының жаттықтырушысы болады.
UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов енді аралас жекпе-жекке алғаш рет шығатын аты аңызға айналған футболшы Патрис Эвраның жаттықтырушысы болмақ. Бұл туралы sport.kg хабарлады.
Атақты француз қорғаушысы, «Манчестер Юнайтед» пен Франция құрамасының экс-ойыншысы Патрис Эвра аралас жекпе-жек (ММА) спортындағы алғашқы жекпе-жегіне UFC аңызы Хабиб Нурмагомедовпен бірлесе дайындалатынын мәлімдеді.
«Мен сені және спорттағы жетістіктеріңді қатты құрметтеймін. Үйрену үшін үздіктермен бірге жаттыққым келеді», — деді Эвра Хабибке телефон арқылы.
Хабиб Нурмагомедов жауап ретінде:
«Мен саған бірнеше рет айттым – маған локацияны жібер, мен өзім сені табамын. Ең бастысы – дайын бол. Қалғанын мен өзім реттеймін. Мен саған қарсыласты қалай жеңу керек екенін үйретемін. Сен мықтырақ болуың керек», — деп жауап берді.
Басылымның деректеріне сәйкес, Патрис Эвра өзінің алғашқы жекпе-жегін 23 мамыр күні Парижде өтетін PFL лигасының турнирінде өткізеді. Қазіргі уақытта оның қарсыласы кім болатыны әлі белгісіз.