Қазақстандық файтер допинг қолданғанын мойындады
Содан кейін қандай қорытындыға келгенін де ашық айтты.
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Артем Резников кәсіби мансабының басында допинг қолданғанын ашық мойындады. Ол бұл тәжірибеден қандай қорытынды шығарғанын айтып, қазіргі спортшыларға нақты кеңес берді.
Резников: «Физикалық күш емес, тыныс жеңеді»
Sarbaz Podcast жобасына берген сұхбатында Артем Резников допингке қатысты ойын ашық білдірді:
«Карьерамды бастағанда түрлі кеңестер айтылды: “Мынаны іш, ананы істе” дегендей. Бірдеңелерді байқап көрдім. Бірақ кейін бәрі сылтауға айналады: “ана бұлшық ет тартылды, мынасы шаршады” деген сияқты. Бұл – кедергі келтіреді. Ең дұрысы – жүрекке арналған препараттар. Өйткені жекпе-жекте жеңісті күш емес, тыныс пен төзімділік алып келеді. Әсіресе бес раундтық айқастарда».
Спорттық ұзақ өмір – дұрыс тәсілде
Резниковтың айтуынша, ауыр стероидтар қолданатын спортшылардың мансабы ерте аяқталады. Себебі олар ағзаны іштен бұзады:
«20-дан 30-ға дейін “химиямен” дайындалған адам ерте тоқтайды. Стероидтар сені жақсартпайды, керісінше — ішкі органдарыңды құртады. Бауыр, жүрек, бүйрек – бәрі жұмыс істемейді. Ал дәріханалық препараттар, вена арқылы егілетіндері – олар тек спорттық форманы емес, ішкі ағзаларды да жақсартады. Сол себепті 40 жасқа дейін жекпе-жекке шығып жүргендер дәл осындай жолмен дайындалады деп ойлаймын».