Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында мексикалық Сауль "Канело" Альварес (62-2-2, 39 KO) пен кубалық Уильям Скалл (23-0, 9 KO) арасындағы кездесу аяқталды. Жекпе-жекте суперорта салмақтағы абсолютті чемпион атағы сарапқа салынды.
Қарсыластар толық 12 раунд бойы айқасты. Төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімі бойынша жеңіс "Канелоның" еншісінде қалды — 115-113, 116-112, 119-109. Осылайша, мексикалық боксшы кәсіби мансабындағы 63-ші жеңісіне жетіп, суперорта салмақтағы барлық белбеуді өзінде сақтап қалды. Ал Уильям Скалл үшін бұл — мансабындағы алғашқы жеңіліс.
Бұл жеңістің арқасында Сауль Альварес өз статусы мен беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған дейін хабарланғандай, егер ол Скаллды жеңсе, қыркүйек айында америкалық Теренс Кроуфордпен (41-0, 31 KO) жекпе-жек өткізу жоспарланған. Енді бұл кездесу шындыққа айналуы мүмкін.