
Шри-Ланканың Коломбо қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар керемет өнер көрсетті.
51 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Диас Берікбай Камбоджа өкілі Новелл Лонгпен рингке шықты. Қарсыласынан айтарлықтай басым болған Берікбай алғашқы раундтың өзінде техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жасырбек Анарбаев жергілікті боксшы Мигаллу Тенувана Бандаруға еш мүмкіндік қалдырмады. Ол екінші раундта техникалық нокаутпен жеңісті өз атына жазды.
60 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрислам Қалдыбаев та сенімді жеңіске жетті. Ол IBA командасының өкілі Мұхаммад Ахмадты екінші раундта техникалық нокаутпен тоқтатты.
Үш боксшымыз да жартылай финалға өтіп, кемінде қола жүлдені еншілеп отыр. Бұл – Қазақстан жастар құрамасының Азия чемпионатындағы табысты өнер көрсетуінің айқын дәлелі.