
Кезінде Дәулет Шабанбайдан медаль тартып алған ресейлік балуан Билял Маховтың атағы да, жүлдесі де жоқ болып шықты.
Ресейлік еркін күрес шебері, Олимпиада чемпионы Билял Махов допинг дауына ілігіп, екі бірдей әлем чемпионатының қола медалінен айырылды. Бұл туралы халықаралық допингке қарсы тестілеу агенттігінің (ITA) ресми сайтында хабарланды.
37 жастағы балуан WADA кодексінің 2.2-бабын бұзған — яғни, тыйым салынған заттарды пайдаланған немесе оларды қолдануға тырысқан. Осыған байланысты 2015 жылдың 10 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 27 қаңтарына дейінгі нәтижелері толық жойылды.
Махов 2015 жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында еркін және грек-рим күресінен екі қола медаль иеленген. Енді бұл жүлделер де күшін жойды.
Бұған дейін, 2021 жылы Ресейдің допингке қарсы агенттігі (РУСАДА) Билял Маховты төрт жылға спорттан шеттеткен. Осы арқылы оның карьерасына нүкте қойылғандай еді. Ал енді спорттық жетістіктері де бірінен соң бірі жойылуда.
2012 жылы Лондон Олимпиадасында Билял Махов қола жүлде үшін белдесуде қазақстандық Дәулет Шабанбайды жеңіп, тұғырға көтерілген болатын. Бірақ 2019 жылы жарыстың финалистері допинг сынақтарынан кейін жарыстан шеттетілді.
Сол шешімнің нәтижесінде Маховқа алтын медаль берілсе, Шабанбайдың еншісіне қола жүлде жазылды. Алайда бұл шешім қазақ жанкүйерлері үшін әділетсіздік символына айналды. Ал соңғы допинг дауы жағдайды түбегейлі өзгертті — енді Маховтың ешбір жетістігі заңды саналмайды.