
Әзірге бұл шешімнің басты себептері белгісіз.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жкрналист Әнуар Әбдірахмановқа берген сұхбатында Өзбекстан құрамасының алдағы World Boxing турниріне қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
"Бастапқыда Өзбекстан құрамасы турнирге қатысуға өтінім берген. Алайда бір-екі аптадан кейін қатыспау туралы шешім қабылдады", — деді Сәтжанов.
Сәтжанов өзбек құрамасының бұл шешімінің нақты себебін білмейтінін айтты. Дегенмен бұл тактикалық есеппен байланысты болуы мүмкін деген болжамын жасады.
"Олардың келмейтінін біз жай ғана қабылдадық. Нақты не себеп болғанын айта алмаймын. Бірақ бұл жарыста әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері мен Азия чемпиондары қатысады. Сол себепті бәсекелестік әлсірейді деп айта алмаймын", — деді ол.
Әлем кубогының кезеңі 30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанада өтеді. Бұл турнирді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымы ұйымдастырып отыр.