
Бокстан Қазақстан қыздар құрамасы Астанадағы әлем кубогына толық дайын. Спортшылар бас бапкер Елдос Сайдалиннің жетекшілігімен Алматы облысындағы Жанашар ауылында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Басты ерекшелік — бұл жолғы жаттығуға тек қазақстандық спортшылар емес, Жапония, Ресей және Нигерия ұлттық құрамалары да қосылған. Бұл көпжақты дайындық шетелдік боксшылармен тәжірибе алмасуға, тактикалық шеберлікті арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
"Дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Командамыз жақсы формада, басты мақсат – жалпы есепте көш бастау", – деді бас бапкер Елдос Сайдалин.
Ұлттық құрама бірнеше күннен кейін Астанаға аттанады. Халықаралық турнир 30 маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Өтетін орны Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы.
Бокс жанкүйерлеріне қуанышты жаңалық: көрермендер былғары қолғап шеберлерінің өнерін тамашалай алады.