
Қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов 30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанадағы әлем кубогында топ жаруды көздеп отыр.
2019 жылы әлем чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетов кейін кәсіпқой бокста бағын сынап көрді. Алайда 2023 жылдың қыркүйегінен бастап толыққанды түрде әуесқой боксқа қайта оралды.
“Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі — менің басты мотивациям. Профи мен әуесқой бокстың айырмашылығы көп. Бірақ қазіргі жүйеге бейімделіп үлгердім. Соңғы үш турнирде чемпион атандым. Енді кезек — Астана рингінде өз күшімізді дәлелдеуге келді", — деді Бекзат.
Боксшының айтуынша, алдағы әлем кубогы кезеңі тек жүлде үшін емес, халықаралық рейтингтік ұпай жинау үшін де өте маңызды. Бұл ұпайлар Олимпиада мен әлем чемпионаттарына іріктеуде есепке алынады.
"Астанадағы оқу-жаттығу жиынына оннан астам ұлттық құрама келді. Бұл — менің спорттағы 16 жылдық тәжірибемде алғаш рет болып отыр. Демек, Әлем кубогындағы бәсекелестік өте жоғары болады", — дейді ол.
"Мақсат — алтын медаль мен “Үздік боксшы” атағы. Қазір бабым жоғары деңгейге жақындап қалды. Тағы алты күн бар — сол уақыт ішінде 100% формаға келемін. Бұл турнир кімнің нағыз чемпион екенін көрсетеді", — деді Бекзат.
Әлем кубогы кезеңінен кейін алдағы жоспарлар мен турнирлер кестесін ұлттық құраманың бас бапкері бекітеді. Қазір бар назар тек осы жарысқа шоғырланған.