
Әлем кубогы қарсаңында Астанада жаттығу жиынына қатысып жатқан Асқар Сәрсенбаев фин боксындағы ерекшеліктер мен өз тәжірибесі жайлы айтты.
Финляндия құрамасын басқаратын қазақстандық маман Асқар Сәрсенбаев Астанада өтетін бокстан әлем кубогы қарсаңында Olympic.kz тілшілеріне эксклюзив сұхбат беріп, Еуропадағы жұмысы, ұлттық стиль және жаттығу жүйесі туралы айтты.
“Финляндияда жұмыс істеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Мұнда қысқы спорт түрлері дамыған: хоккей, шаңғы, коньки. Бірақ жазғы спорт та назардан тыс емес. Олимпиадалық комитет, федерациялар, қалалық әкімдіктер де қолдау көрсетеді”, — дейді бапкер.
Асқар Сәрсенбаев фин спортшыларына кеңестік және қазақ бокс мектебінің үлгісін дарытып жүр. Жаттықтырушының айтуынша, бұл стиль бүгінде халықаралық турнирлерде танымал бола бастаған.
“Кейде шетелдік бапкерлер менің шәкірттеріме қарап: “Oh, qazakh style!” – деп таңдай қағады. Бұл – үлкен мақтаныш”, — дейді ол.
Айта кетерлігі, Асқар Сәрсенбаев фин құрамасында өнер көрсету үшін азаматтық алмаған. Ол тек тұрақты тіркеуде болып, Федерацияға мүшелік еткені жеткілікті болған.
“Біздің залда бес тілде сөйлей аласың – бәрі түсінеді. Бұл да бокс мектебінің интернационалды дамуының белгісі”, — дейді Сәрсенбаев.
Финляндияда бапкерден жоғары нәтиже талап етілмейді. Керісінше, сенім мен ұзақмерзімді даму басым:
“Олар жүйеге қарайды. Ең бастысы – процестің дұрыс ұйымдастырылуы. Қысым жоқ, тек сенім мен қолдау бар”, — дейді маман.