
Жарақат салдарынан дәрігер жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Астанада өтіп жатқан бокстан World Boxing Әлем кубогында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абылайхан Жүсіпов алғашқы кездесуінде күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Абылайхан Жүсіпов турнирдің 1/8 финалында қырғызстандық Алмаз Орозбековпен жұдырықтасты. Кездесу үшінші раундта дәрігердің шешімімен тоқтатылып, жеңіс Орозбековке берілді. Себебі екінші раундта Жүсіпов бет аймағынан ауыр жарақат алған болатын.
Осылайша, Алмаз Орозбеков Әлем кубогының ширек финалына жолдама алды және медальдан бір-ақ қадамда тұр. Ал Қазақстан құрамасының басты үміті саналатын Жүсіпов отандық рингте жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Қырғызстандық Алмаз Орозбеков биылғы мамыр айында 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. Жас болса да, халықаралық аренада өзін дәлелдеп үлгерген.