
Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогына Өзбекстан ерлер құрамасының қатыспауы спорт жанкүйерлерінің назарын аударды.
Бұл туралы Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев түсініктеме берді.
"Қазір біз жалпы физикалық дайындық кезеңіндеміз. Жаттығу жиынына Украина, Тәжікстан және Жапониядан боксшылар келді. Жақын күндері бірлескен спарринг жекпе-жектерін өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Киличев.
Әлеуметтік желілерде тараған түрлі пікірлерге жауап берген Киличев Өзбекстан құрамасының бұл шешімі саяси себептермен емес, нақты дайындық жоспарына байланысты қабылданғанын баса айтты.
"Желіде не айтылса да, бұл шешімге ешқандай саясаттың қатысы жоқ. Бізде Қазақстанмен, оның ішінде бапкерлер құрамымен, сондай-ақ федерация деңгейінде өте жақсы қарым-қатынас бар. Балаларымыз бірге өсіп, жарыстарда бірге жетіліп келеді. Мысалы мен Абылайхан Жүсіповті әлі күнге дейін жасөспірім кезінен білемін", – деді ол.
Киличев қазақ және өзбек боксшыларының болашақ жарыстарда тағы да жолығатынына сенімді екенін жеткізді.
"Қазақстан мен Өзбекстан әлі талай рет әлем және Азия чемпионаттарында кездеседі. Мен қазақ боксшыларының да, өзбек боксшыларының да үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік бокстың тарихында есімдері алтын әріппен жазылғанын қалаймын", – деді бапкер.
Айта кетейік, осы күндері Астанада Халықаралық World Boxing ұйымының бастамасымен әлем кубогы турнирі өтіп жатыр. Бұл жарысқа 30 елдің өкілдері қатысуда. Алайда Өзбекстаннан тек әйелдер құрамасы тіркелген.