
Сауд Арабиясы шейхі Турки әл аш-Шейхтің мәлімдемесіне сүйенсек, дәл осы WBC чемпионы жекпе-жекке шығудан бас тартқан.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Карлос Адаместі тағы да сын айтты.
Әлімханұлы Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі басқарма төрағасы Турки әл аш-Шейхтің мәлімдемесіне пікір білдірді. Әл аш-Шейх Thaboxingvoice эфирінде WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамеске үш титул үшін жекпе-жекке қатысуға жомарт ұсыныс жолдағанын айтқан. Алайда бірнеше күн бойы жауап болмаған соң, ұсынысын кері қайтарып алғанын мәлімдеген.
«Мен сіздерге айттым ғой, ол – қорқақ! Енді барлығы біліп отыр: орта салмақтағы нағыз патша кім екенін!», – деп жазды Жәнібек Әлімханұлы өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Бұған дейін Карлос Адамес те өзінің нұсқасын айтқан болатын. Оның айтуынша, өз өкілдері Жәнібектің командасына келісімшарт жіберген, бірақ қазақстандық боксшы оған қол қоюдан бас тартқан. Дегенмен, Адамес бұл уәжін нақты дәлелдермен бекіткен жоқ.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылғы 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде шаршы алаңға шықты. Ол жекпе-жекте француз боксшысы Анауэль Нгамиссені 5-раундта нокаутпен жеңіп, титулдарын сәтті қорғаған болатын.