
UFC жекпе-жекшісі Шара Буллет (шын есімі — Шарабутдин Магомедов) "Матч ТВ" арнасында берген сұхбатында Криштиану Роналдумен достық байланысын ашық айтып, португалиялық жұлдызды бала күнінен бері кумирі санайтынын мәлімдеді.
“Иә, біз араласамыз. Ол — мен үшін үлкен аңыз. 2002 жылдан бері жанкүйерімін. Өзім де футболмен айналысқанмын, спорттағы жолым дәл сол футболдан басталды. Футболшы бола алмаған соң — жекпе-жекші болдым”, — дейді Шара.
Бұл достықтың тамыры — 2025 жылдың ақпанында Сауд Арабиясында өткен UFC Fight Night 250 турнирінен бастау алады. Аса танымал футболшы Криштиану Роналду Шара Буллеттің жекпе-жегін арнайы тамашалауға келген. Осы сәттен бастап олардың арасында жылы қарым-қатынас орнаған.
Шара Буллет бала кезінен футболға әуес болғанын және бір кездері арманының футболмен байланысты болғанын жасырмады.
“Бұрын сүйікті командам — ЦСКА болатын. Кейін «Анжиге» жанкүйер бола бастадым. Ол кезде бәріміз Еуропа лигасын, тіпті Чемпиондар лигасын ұтамыз деп сендік. Бірақ команда тарап кетті, мен де сол арманнан суыдым. Дагестан футболы дамиды деп ойлағанбыз, алайда бәрі ойдағыдай бола бермейді екен”, — дейді спортшы.
Бұл атау алғаш рет Магомед Исмаиловтың ағасы әрі жаттықтырушысы Рамазан Исмаиловтан шыққан. Ол Шарамен бірге өзін “дағыстандық қазақтармыз” деп атаған еді — бұл бауырластық пен құрметтің белгісі.
Шара Буллет бұл атауды жылы қабылдап, Қазақстанға деген сүйіспеншілігін ашық білдіріп жүр.
2023 жылы Шара Буллет Алматыда жеке спорт залын ашты. Осы кезден бастап оның Қазақстанмен байланысы одан әрі нығайды. Ол жиі қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтып, қазақ халқының қонақжайлығын ерекше атап өтеді.
“Қазақстандықтар әр жекпе-жектен кейін маған үлкен қолдау білдіреді. Бұл мен үшін өте маңызды”, — дейді спортшы.