
Ол өз қаражатына 40 баланы мектепке дайындап, аналардың алғысына бөленді.
Қазақстандық танымал спортшы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында көпшіліктің жүрегін елжіреткен игі ісі туралы бөлісті. Боксшы жаңа оқу жылы алдында 40 балаға мектепке баруға қажетті құрал-жабдық алып беріп, көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлады.
Назым өз жазбасында:
«Жаттығудан кейін өзіме риза болып келе жатырмын. Минус 2 миллион, 40 бақытты бала + күлімдеген көпбалалы ата-аналар. Жақсылық санмен емес, жүрекпен өлшенеді» – деп жазды.
Бұған дейін боксшы әлеуметтік желі арқылы 1-сыныпқа баратын балалардың ата-аналарынан байланыс нөмірлерін сұраған болатын. Енді сол уәдесін орындап, нақты әрекетпен көпшіліктің алғысына ие болды.
Назым Қызайбайдың бұл бастамасы әсіресе көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек болды. Ол тек рингте емес, адамгершілік пен жанашырлық рингінде де жеңіске жеткенін көрсетті.
Оқырмандар Назымның бұл әрекетін жоғары бағалап, жылы пікірлерін жарыса жазуда. Көпшілік оны нағыз спортшы ғана емес, нағыз азамат ретінде мақтап жатыр.