
Ирландиялық танымал файтер, бұрынғы UFC чемпионы Конор Макгрегор ұзақ үзілістен кейін қайта жекпе-жекке шығатынын мәлімдеді. Ол алғашқы кездесуін жалаң қолмен төбелес (Bare Knuckle Fighting Championship – BKFC) ережесі бойынша өткізеді.
АҚШ-тың Нью-Джерси штатында өткен баспасөз мәслихатында BKFC басшысы Дэвид Фельдман жанкүйерлерді қуантқан жаңалықты жеткізді. Оның айтуынша, Макгрегор қазір бар күшін жаттығуға салып, бұрынғыдан да дайын, шоғырланған күйде жүр.
"Бұл – мен көрген ең мықты Конор Макгрегор. Ол барын салып дайындалып жатыр. Маған өзі айтты: Джереми Стивенс пен Майк Перридің арасындағы жекпе-жек жеңімпазы – оның келесі қарсыласы болады", – деді Фельдман.
Ирландиялық файтердің алғашқы қарсыласы UFC-дің бұрынғы жұлдыздары Джереми Стивенс пен Майк Перридің арасындағы тартыстың жеңімпазы болмақ. Бұл кездесу қазірдің өзінде жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Еске сала кетсек, Конор Макгрегор соңғы рет 2021 жылы октагонға шыққан. Ол кезде америкалық Дастин Порьеге қарсы айқаста ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы спорттан қол үзуге мәжбүр болды.
2024 жылы ирландиялық жұлдыздың UFC-ге қайта оралуы күтілген еді. Алайда кезекті жарақатына байланысты ол турнирден бас тартты.
Биылғы наурыз айында Конор карьерасын аяқтайтынын меңзеген еді. Бұрынғы қос салмақ дәрежесінің чемпионы тіпті саясаттағы амбициясын да жасырмай, жаңа бағытта өзін сынағысы келетінін айтқан.
Соңғы айларда оның есімі спорттан тыс тақырыптарда да жиі аталып жүр. Мәселен, жақында Макгрегор тарихтағы ең “аса жоғары бағаланған спортшылардың” қатарына енгізілді.