
Қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырхан Ливерпульдегі әлем чемпионатының ширек финалында француз Макан Траормен күш сынасты.
25 жастағы Траоре – Еуропа ойындарының қола жүлдегері, әрі Париж Олимпиадасының қатысушысы. Ал небәрі 19 жастағы Төрехан үшін бұл әлем чемпионаты – ересектер арасындағы бар болғаны төртінші турнир. Соған қарамастан ол бұған дейінгі жарыстардың барлығында жеңіске жетіп қана қоймай, үздік боксшы атағын алған еді.
1-раунд: Төрехан қарсыласын қашықтықта ұстап, дер кезінде жақындап отырды. Дегенмен ол комбинациялардан гөрі жекелеген соққыларға сүйенді. Соған байланысты төрешілердің барлығы емес, тек үшеуі оған басымдық берді.
2-раунд: Қазақстандық боксшы қарқынын арттырды. Француз боксшысы жас спортшыдан ыққандай көрінді. Нәтижесінде үш төрешінің картасында есеп 20:18 болды.
3-раунд: Сабырхан тактиканы өзгертті, көбіне екінші нөмір болып жұдырықтасты. Соған қарамастан артықшылығын сақтап қалды.
Қорытындысында, Төрехан төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Бұл жеңіс арқылы Төрехан Сабырхан кемінде қола медальді қамтамасыз етті. Сонымен бірге ол Қазақстан боксы тарихындағы ең жас жүлдегерлердің бірі атанды.