
Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Ливерпульдегі әлем чемпионатында атақты қарсыласын жеңіп, финалға шықты.
Ауыр салмақта (+90 кг) өнер көрсететін Айбек Оралбай жартылай финалда Кубаның аңыз боксшысы, екі дүркін Олимпиада чемпионы және бес дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Круспен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек аса тартысты өтті. Үшінші раундта Оралбай нокдаунға түскеніне қарамастан сенімділік танытып, кездесуді соңына дейін жеткізді. Қорытындысында төрешілердің бөлек шешімімен қазақстандық боксшы сенсациялық жеңіске жетті.
Бұл жеңістің арқасында Айбек Оралбай әлем чемпионатының финалына шығып, алтын медаль үшін таласады. Ал Хулио Сесар Ла Крус күтпеген жерден турнирді тек қола жүлдемен аяқтады.
Айбек Оралбай – Азия чемпионатының екі дүркін алтын жүлдегері, енді әлемдік деңгейде алғашқы басты финалына шықты.
Хулио Сесар Ла Крус – Олимпиаданың қос чемпионы (Рио-2016, Токио-2020) және IBA нұсқасы бойынша бес дүркін әлем чемпионы.