Алуа Балқыбекованың қытайлықпен шайқасында нокдаун тіркелді
Ливерпульде бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр.
51 келіге дейінгі салмақтағы айқас
Қазақстан намысын қорғаған Алуа Балқыбекова финал жолдамасын Қытай боксшысы Ци Синьюймен сарапқа салды.
Алуа осыған дейін IBA тұғырында өткен ӘЧ-2025 жеңіп алған еді. Ливерпуль рингінде де сенімді өнер көрсеткен қазақ қызы басты жұмбақ саналатын 22 жастағы Циге қарсы шықты. Қытай боксшысының Boxrec-тағы парақшасында небәрі үш кездесу тіркелген, олардың барлығы осы біріншілікте өткен.
Бірінші раунд – толық үстемдік
Алғашқы раундтан-ақ Балқыбекова қарсыласын қыспаққа алды. Бес төрешінің бәрі де оның аяқтағы жеңіл қозғалысын, өткір әрі дәл шабуылдарын жоғары бағалады.
Екінші раунд – нокдаун
Кездесудің екінші бөлігінде қытайлық спортшы алға ұмтылып, қорғанысты ұмыт қалдырды. Осы сәтті пайдаланған Алуа ауыр соққы жасап, рефери Циге есеп ашты. Бұл – жекпе-жектегі алғашқы нокдаун болды.
Соңғы раунд – жанкүйер қуанышы
Қорытынды раундта Балқыбекованың әр соққысы жанкүйерлердің айқайымен қолдау тапты. Қазақстандық бокс жанкүйерлері сүйікті спортшысының финалға өткенін тойлап үлгерді.
Енді Алуаны финалда түркиялық Наз Чакыроглу күтіп тұр.