
Загребтегі грек-рим күресінен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали 60 келі салмақта қатарынан үш кездесуінде жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Іріктеу кезеңі: Айдос америкалық Максвелл Хупер Блэкті 7:1 есебімен жеңді.
1/8 финал: Израиль балуаны Мелкаму Фетенені 11:2 нәтижесімен ұтты.
1/4 финал: КНДР өкілі, Азия чемпионы әрі Олимпиада-2024 қола жүлдегері Се Ун Римен белдесті. Есеп 1:1 аяқталғанымен белсенді қимыл көрсеткен Сұлтанғали жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, Се Ун Ри — Азия чемпионы, 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері және Париж Олимпиадасының (2024) жүлдегері. Сондықтан бұл кездесуде фаворит ретінде дәл сол саналған еді. Алайда, сенсация жасап, шешуші сәтте артық қимыл танытқан Айдос Сұлтанғали жартылай финалға шықты.
Еске салсақ, осыдан бұрын Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Мерей Мәулетқанов Олимпиада финалисін жеңіп, қатарынан екі сенсацияға қол жеткізген болатын.