
АҚШ-тың Индио қаласындағы Fantasy Springs Casino аренасында этникалық қазақ, Өзбекстан боксшысы Руслан Абдуллаев (3-0, 1 КО) кезекті кездесуін өткізді. Ол америкалық Кевин Джонсонды (12-8, 8 КО) ұпай санымен жеңді.
Жекпе-жек 63,5 келіге дейінгі супер жеңіл салмақта өтті. Кевин Джонсон бұған дейін ешқашан нокаутпен ұтылып көрмеген, мықты қарсыластарына да лайықты қарсылық танытқан боксшы ретінде белгілі. Ол Ричардсон Хитчинс, Фазлиддин Ғайбназаров, Келвин Дэвис, Исайя Джонсон, Эрик Тудор және Джоэл Ириарте сынды топ-проспекттермен тең дәрежеде жұдырықтасқан. Сондықтан Абдуллаев үшін бұл – кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жекте өте қауіпті сынақ болды.
Кездесу қарқынды басталды. Алғашқы раундтарда Абдуллаев қарсыласын қысымға алып, бірнеше дәл соққыларын дарытты. Әсіресе екінші раундтағы кросс пен үштік сол хук жанкүйерлерді ерекше әсерге бөледі.
Алайда айқастың екінші жартысында тәжірибелі Джонсон басымдық алуға тырысып, белсенділік танытты. Ол 5-раундты өз пайдасына жаздырды. Қорытынды кезеңдерде жекпе-жек тартысты өрбіді. Бірақ соңғы минуттарда Абдуллаев өз артықшылығын сақтап қалды.
Кездесу сегіз раундқа созылып, төрешілердің бірауызды шешімімен (UD 8) Абдуллаев жеңімпаз атанды. Есеп: 80-72, 79-73, 79-73.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Руслан Абдуллаевты «жаңа қазақ бокс королі» деп атап, оның үлкен болашағына сенім білдірген еді.