
Америкалық Bloodyelbow.com сайтының журналисі Харви Леонард қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың ұзақ уақыт бойы октагонға шықпай жүргеніне қатысты пікір білдірді
Мақала тақырыбында автор Шавкатты «UFC жартылай орта салмағының ұмыт қалған жұлдызы» деп атады.
“Рахмонов жартылай орта дивизионының шыңына сенімді түрде көтеріліп келе жатты, соңғы жекпе-жегіне дейін айтарлықтай қиындықтарға тап болмады. Белал Мұхаммед жарақат алғаннан кейін, Шавкат тәуекелге барып, титулдық мүмкіндігін қатерге тігіп, қысқа уақыттық ескертумен басқа да жеңілмеген үміткерге қарсы шықты. Ол жеңіс оңайға соқпағанымен, ақыры Иэн Мачадо Гарриді 2024 жылдың желтоқсанында жеңіп шықты.
Бұл жеңіс қазақстандық спортшыға басты үміткер мәртебесін бекітіп бергендей болды. Алайда жарақаттар оған осы мүмкіндікті пайдалануға кедергі келтіріп, уақытша қатардан шығарды”, – деді эксперт.
Леонардтың ойынша Рахмонов белбеу айқасына шығу үшін, әлі бір жекпе-жек өткізу қажет:
“Енді Рахмоновқа чемпиондық белбеу үшін айқасқа дейін тағы бір жеңіс қажет болады деп күтілуде. Ал белбеу қараша айында өтетін Ислам Махачев пен Джек Делла Маддалена арасындағы жекпе-жекте сарапқа салынады”, — делінген мақалада.
«Nomad» соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гарриді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын. Жақында оның жекпе-жек әріптесі Фаниль Рафиков Рахмонов UFC-ден 2026 жылдың басында жекпе-жек ұйымдастыруды сұрағанын айтты.