
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мадиев Бангкоктағы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетіп, WBA Asia чемпиондық белдігін сәтті қорғады.
4 қазан күні Таиланд астанасы Бангкокта өткен бокс кешінде Руслан Мәдиев (Қазақстан) рингке қайта оралды. Оның қарсыласы жеңіліссіз келе жатқан намибиялық боксшы Абед Шиконго болды (рекорды: 11-0).
Кездесу жартылай орта салмақта өтті. Барлық 10 раундқа созылған айқаста төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды: 98-92, 99-91, 99-91. Осылайша, Мәдиев өзінің WBA Asia чемпиондық белдігін сақтап қалды.
Руслан Мәдиевтің есімі бір кездері Геннадий Головкинмен байланысты дау арқылы кеңінен тараған еді. Ол әйгілі боксшының командасынан кеткеннен кейін, GGG тарапынан 100 мың доллар өтемақы талап етілген болатын.
Бұл жеңіс — тек белдікті қорғау ғана емес, Мәдиевтің халықаралық деңгейдегі беделін қайта арттырудағы үлкен қадам. Африкадан келген мықты қарсыласын айқын басымдықпен жеңу оның әлеуетін тағы да дәлелдеді.