Орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталуға жақын.
Британдық Дензел Бентли мен Венесуэла боксшысы Эндри Сааведра WBO нұсқасы бойынша міндетті үміткер атағы үшін айқас өткізеді. Бұл жекпе-жектің жеңімпазы Әлімханұлымен чемпиондық кездесу өткізу құқығына ие болады.
Промоутер Ли Итон (Queensberry Promotions) мәлімдегендей, тараптар келісімге келуге таяу, ал айқас келер жылы өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Дензел Бентли бұған дейін де кездескен болатын. 2022 жылдың қарашасында өткен сол жекпе-жекте қазақстандық чемпион төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.
Бұған дейін хабарланғандай, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен күш сынасады. Бұл кездесу екі ұйымның белбеулерін біріктіретін маңызды жекпе-жек болмақ.
Жәнібек соңғы рет сәуір айында Астанада шаршы алаңға шыққан еді. Ол Ануэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) нокаутқа түсіріп, өз титулдарын сәтті қорғады.
Қазақ боксшысы IBF белбеуін екі жыл бұрын, ал WBO чемпиондық атағын үш жыл бұрын жеңіп алған болатын.