Аңызға айналған украиналық боксшы Василий Ломаченко АҚШ-та Жәнібек Әлімханұлымен кездесіп, үш белбеу үшін өтетін біріктіру жекпе-жегінің алдында оған сәттілік тіледі.
АҚШ-та дайындық жүргізіп жатқан Жәнібек Әлімханұлы үшін Ломаченконың келуі күтпеген, бірақ жағымды тосынсый болды. Украиналық боксшы оның жаттығуын және спаррингін тамашалап, кейін Жәнібекке сәттілік тіледі.
«Лома залға келіп, спаррингті көрді және бізге сәттілік тіледі. Келгеніңе рахмет — сені көру тамаша болды, чемпион!» — деп жазды Жәнібек.
WBO және IBF белбеулерінің иегері Әлімханұлы бұл жолы Эрисланди Лараға тиесілі WBA титулын жеңіп алуды көздейді. Егер ол жеңіске жетсе, орта салмақта үш чемпиондық белбеудің иегері атанып, абсолют чемпион атағына бір қадам жақындайды.
Сан-Антониода өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегі ретінде Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Круздың жеңіл салмақтағы айқасы жоспарланған. Алайда қазақстандық жанкүйерлер үшін басты назарда — Әлімханұлы мен Лара арасындағы кездесу болмақ.